Латын қарпіне көшудегі ұтатын hәм ұтылатын тұстарымыз?!
Мектебімізде 21-қыркүйек күні «Тілдер апталығы» орай
10-11«а» сыныптар арасында «Латын қарпіне көшудегі ұтатын hәм ұтылатын
тұстарымыз» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өткен болатын. Пікірталас барысында
оқушылар соңғы кездері саяси талқылауға жиі түсіп жүрген латын қарпіне көшу
туралы тақырыпта өз ой-пікірлерін бөлісті. Біртарап «көшу» мәселесін қолдап
жатса, енді біртарап даттап жатты. Жақтаушы топтың пікірінше: латын қарпіне
көшудегі ұтатын тұсымыз, жаhандану дәуіріне ілесе аламыз, әсіресе ағылшын тілін
үйренуге жеңіл болады, ғылым-білімнің негізі латын тілінде болғандықтан,
технократтық-инновациялық көштен қалмайтын боламыз. Әсіресе, түркі жұрттарымен
бірлесе жұмыс жасауға оңтайлы, себебі: түбі бір түркі елдерінің біразы
әлдеқашан латын тіліне көшкенін тиек етті. Ал, даттаушы топқа келер болсақ,
латын қарпіне көшудегі ұтылатын тұсымыз: қазақ тілін жаңадан үйреніп жүрген
өзге ұлт өкілдері үшін «жаңа қаріппен» үйрену біраз қиыншылықтарға соқтырады
деген ойларын айтты. Тағы бір маңызды мәселе мәдени мұралар хақында болды: көп
жылдар бойы жинаған тарихи жинақ, әдеби мұраларымыз толық аударылып біткенше
біршама уақыт өте ме деген күдік болды. Жаппай ел халқының латын қарпін үйренуі,
барлық құжаттардың, жер-cу аттарының латын қарпіне көшуі, осыларға жұмсалатын
қаржыны айтпағанда біршама мәселелердің бар екендігін айтып өтті. Дөңгелек
үстел тартысты өтті, оқушылардың біршама дүниелерден хабардар екендігін
байқадық. Пікірталас нәтижесінде ел болашағы тіл мәселесімен тығыз байланысты
екенін, жастар елдің ертеңгі үміт артарлары екендігін түйсінгендей болды.